«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезекті ХХХV есеп беру-сайлау конференциясы өтті

Жиынға қала әкімі, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов, төрағаның бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, партия филиалының Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары мен мемлекеттік органдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

 

 

   

 

 

Конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын Шымкент қаласында жүзеге асыру барысы талқыланды. Жолдаудың негізгі басымдықтары бағдарланған мәжілісте алдымен Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан Педагог мәртебесі және партиялық бастамашыл жобалардың маңыз туралы баяндады.

 

– Елбасы Жолдауындағы басты мәселенің бірі – ол апатты және 3 ауысымды мектептерді күрделі жөндеу. Қазіргі таңда Шымкент қаласында апатты мектептер жоқ, үш ауысымды 19 мектеп бойынша қосымша 16 138 орынға қажеттілік бар. Бұл мәселе қосымша ғимараттар салу, бос ғимараттарды қолдану, жаңа мектептер ашу көмегімен шешілмек. Алдағы уақытта инвесторлар 8 мектептің құрылысын бастамақ. Ал 12 мектептің құрылыс жобалары бекітілуде, - деді қаланың бас педагогы. А.Абылайхан, сондай-ақ, жуырда ғана шымкенттік бірқатар мұғалімге тұрғын үйдің сертификаты тапсырылғанын айта келе ұрпақ болашағы жолында еңбек етіп жатқан ұстаздарға қамқорлық көрсетіп жатқан шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлына ерекше алғысын жеткізді.

 

 

 

   

 

 

Бұдан соң жиында баяндама жасаған отбасы, балалар және жастар саясаты басқармасының басшысы Жандос Қалтаев жастар саясатының дамуы және шетелдік жастардың үздік ғылыми жобаларын Шымкент қаласында жүзеге асыру бойынша ойларын ортаға салды. Басқарма басшысының сөзінше, Шымкентте алдағы уақытта жастар саясатын жүргізу бағытында 9 жоба белгіленген. Оның ішінде жастар ұйымдарын дамыту және олардың спорт, ғылым, мәдениет, білім, әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы бастамаларына қолдау көрсететін «Шымкент жастары» жобасы бар. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бітіруші курс студенттеріне қаламыздың ТОП-100 компаниясында тағылымдама ұйымдастыруға бағытталған «Professional» жобасы, NEET жастарды жұмыспен қамту мен «Саламатты ұрпақ» жастарды бұқаралық спортқа баулитын және т.б. маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге аспақ.

 

 

 

   

 

 

Сонымен қатар, конференцияда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының директоры Асқар Әбубәкіров «Экспортқа бағытталған индустрияландыру» мәселесі бойынша, қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысының барысы жөнінде, ҚР Ұлттық банкі Оңтүстік аймақтық филиалының директоры Әнуар Ботанбеков «7-20-25» бағдарламасының Шымкент қаласында жүзеге асыру барысы туралы баяндап өтті.

 

Қалалық құрылыс басқармасы басшысының мәліметінше, бүгінде Шымкентте 184 көпқабатты үй бой көтеруде. «7-20-25» бағдарламасына келсек, Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 77 азаматтың өтінімі банктер тарапынан мақұлданған. Оның ішінде 43 адам аталған бағдарлама аясында баспаналы болды.

 

Конференция барысында партия филиалының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары туралы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов баяндама жасады. Оның сөзінше, қазіргі таңда қалалық партия филиалының есебінде 20 308 партия мүшесі бар, олар 73 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Есептік мерзімде партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2503 арыз-шағым тіркеліп, оның 1676-сы (66,9%) оңтайлы шешілген.

 

 

 

   

 

 

 

Конференция жұмысын қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов қорытындылап, партия активіне алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар тапсырма берді.

 

– Өздеріңіз білетіндей, биылғы 19 маусымда Шымкент қаласы Елбасының Жарлығымен республикалық маңызға ие мегаполиске айналды. Содан бері қалада көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Шымкент шаһары жаңа өмірге, жарқын болашаққа қадам басты деуімізге болады. Қазіргі таңда қалаға қарасты барлық басқармалардың басшылары тағайындалды. Оларға артылып отырған жауапкершілік жүгі жоғары. Шымкент дербес қала болып, баршаңызға белгілі абыройлы азаматтар Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров Сенатқа депутат болып сайланды. Жалпы, Шымкентте партиялықтар Ұлт жоспарын, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, Елбасы Жолдауын насихаттау барысында белсенділік танытып, ауқымды шараларға өздерінің зор үлестерін қосуда. Тағы бір мәселе, Елбасы биылғы Жолдауында келесі жылдың қаңтарынан бастап қазақстандықтардың жалақысы өсетінін айтты. Бұл ретте Шымкенттегі бірқатар кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын 20, 30 пайызға көтермек. Бұған барлық мекемелер де атсалысуы тиіс, - деді шаһар әкімі.

 

Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов Шымкенттегі бірқатар маңызды жобалар бойынша жоспарларын да айтты. Осы орайда балалар теміржолына қатысты өз ойын білдірді.

 

– Бұл – көптің көңіліндегі мәселе екені рас. Дегенмен, балалар теміржолын әлі де қоғамдық тыңдау өткізіп, көп болып, кеңесіп шешкеніміз жөн деп санаймын. Ол балаларға шын мәнінде қажет пе, бүлдіршіндердің қауіпсіздігі алаңдатпай ма, міне, осы сауалдар сіздердің тараптарыңыздан лайықты шешімін тауып жатса, онда іске кірісейік. Мүмкін, ол жерге веложол салған дұрыс шығар. Мәселен, Орталық стадионнан Дендросаябаққа дейінгі аумаққа арнайы веложол салынса, салауатты өмірге бет бұратын тұрғындардың қатары артар еді. Әзірге бұл жоспарды да қарастырып жатырмыз. Жалпы, қала тұрғындарына айтарым, кез келген мәселе бойынша сіздермен бірлесіп шешуге дайынбыз. Шымкент – ортақ үйіміз. Барлық толғандырған мәселені ортақ мәмілемен шешейік, ұсыныстарыңызды әрдайым ескереміз, – деді қала әкімі.

 

Конференция барысында Партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. Мәжіліс қорытындысы бойынша қаулы қабылданды.


ИНФОРМСЕРВИСТЕР

Shymkent book

Бейне

Анықтама

Бейне бақылау

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ҚАЛА КӨРСЕТКІШТЕРІ

ЖЕТІСТІКТЕР

БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЛАСЫ

ЖОЛДАУ

ӘКІМДІК ЖИНАЛЫСТАРЫ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

Нөлдік төзімділік

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК КЕСТЕСІ

WHATSAPP

Таза қала

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР