Кеше және бүгін

Шымкент: Шығыс пен Батыстың тоғысында

«Өмір адамға бір-ақ мәрте беріледі, оны Шымкентте сүру керек». ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары кезінде айтқан осы бір сөзі қаланың асқақ беделін айқындай түскендей. Біз, шымкенттіктер, өз қаламыздың бүгінгі келбетімен мақтанамыз!!   

 

Шымкентке – 2200 жыл
Осы уақытқа дейін ғалымдардың көпшілігі қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI-XII ғасырларда болған деген тұжырымдама болатын. Сонымен қатар, Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде түрлі болжамдар айтылатын. Мұндай болжамдарға негіз болған дүние - археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабырлар біздің эрамызға дейінгі V-VІ ғасырларға тән.
2200 жылдық тарихты арқалаған Шымкент — Қазақстан мен Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Бұл туралы 2014 жылы археологтардың халықаралық ғылыми конференция барысында айтылды. Канада, Франция, Бельгия, Англия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын бір ауыздан растады. Бірақ датаны атап өту үшін, енді ЮНЕСКО-ның мақұлдауы қажет. Қаланың жасы жөнінде ғалымдар алғашқы қадамын жасады. Жұмыстар нәтижесін берсе, Шымкент - 2200 жылдық қала атанып, оны тойлау 2017 жылдың еншісіне тимек.
Шымкент қаласындағы жылдар бойғы қазба жұмыстарында табылған бірегей жәдігерлердің ішінде - жерлеу рәсімдері, ыдыстар, зергерлік және керамикалық бұйымдар бар. «Қала жасын табылған керамикаға қарап білуге болады, ол кезеңде тиын, жазу-сызу болмаған. Әр кезеңнің өзіне тән керамика әзірлеу техникасы бар. Табылған заттарға қарап, қалаға шамамен 2200 жыл болғанын білуге болады», - деді Франциядан келген ғалым, тарих ғылымдарының докторы Лионетт Бертий.

 

Сандар мен деректер
Қала тарихында мақтанышпен атап өтуге болатын жәдігерлер жетерлік-ақ. Көпшілік біле бермес, Орта Азия аумағында алғаш рет фармацевтикалық мекеме – дәрмене дәрісін дайындайтын зауыт құрылысы Шымкентте бой көтерген еді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында Шымкенттің қорғасын зауыты Одақ көлемінде дайындалған оқ-дәрілердің 70 пайызын дайындап шығарғаны өз алдына үлкен тақырып. Шымкенттік 7 бірдей сарбаздың Кеңес Одағынығ Батыры атағын иеленгені де кейінгі буынға үлгі-өнеге. Таңғажайып дүниелер мұнымен шектелмейді.
Шымкенттің қақ ортасын кесіп өтетін Қошқарата өзені суының өзіндік қасиеті барын да мамандар жиі әңгіме өзегіне айналдырып жүр. Ең бастысы, өзен суы қазіргі таңда қаланың мәдени-тарихи құнды дүниесіне айналған.
Қаланың көнеден келе жатқан мәдени ғимараттарының бірі – Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония 1956 жылдан бері жергілікті өнерсүйер қауымның жиі бас сұғатын мәдени орталығы аталады.
Жалпы, Шымкент қаласы түрлі мәдени жетістіктерінің көптігімен ерекшеленеді. Мәселен, мұнда ел аумағындағы ең биік ескерткіш – Бәйдібек би ескерткіші орналасқан. Ескерткіштің ұзындығы – 10 метрді, тұғырымен қоса алғанда, 23 метрді құрайды. Сонымен қатар, ел аумағындағы бірден-бір триумфалды баған Тәуелсіздік саябағына келушілердің қатары бір сәт сиреген емес.
Қаланың тағы бір үлкен жетістігі ретінде, 2011 жылы Халықаралық Ассамблея ұйымы ел астаналары мен ірі қалалардың арасынан Шымкентті үздік қала ретінде таныды. Шымкенттіктер Абай саябағында орналасқан Даңқ мемориалының өзіндік мән-маңызын айрықша мақтан тұтады. Онда Оңтүстік өңірінен Ұлы Отан соғысына аттанған 140 мыңнан астам сарбаздардың аты-жөндері қашап жазылған.
Дендросаябақ пен зообақтың да қала өмірінде алар өз құндылығы бар. Осыдан 35 жыл бұрын алғаш қала тұрғындарына қызмет көрсете бастаған зообақта қазір әмбебеп биологтар мен зоологтар ғылыми біліктілігін жетілдіруде.
Шымкент үшінші қала мәртебесіне ие болу үшін туристік мүмкіндіктерге кең жол ашуы қажет. Осы орайда, жаңа орта¬лықтың қасынан 70 гектар жер бөлініп, тарихи-мәдени аймақ салынды. Мұнда «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығы, көл аумағындағы демалыс орындары пайда¬лануға берілді. Одан бөлек, жаңа Бәйдібек би ескерткіші бой түзеп, қалаға келетін мей¬мандар үшін заманауи қонақүй ашылды.

 

Мегаполис қаланың бүгінгі тынысы 
Мемлекет басшысы Шымкентті еліміздің үшінші қаласы болады деп көрсеткеннен кейін, жан-жаққа тамырлап бара жатқан қаланың аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайып, солтүстік-шығыс бөлігінен 1600 гектар аумақта жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысы басталды. Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарынан қосылған бірқатар елді мекендер қалаға кіргеннен кейін жаңа аудан құру қажеттілігі туындады. Нәтижесінде, қалаға төртінші аудан қосылып, Қаратау ауданы құрылды.
Қазіргі таңда, қала аумағында халықаралық аэропорт, теміржол вокзалы және бірнеше автовокзал тұрғындарға жоғары сапада қызмет көрсетуде. Шымкенттің автомобиль жолдары ел аумағында ұзақтығымен ерекшеленеді. Яғни, қаланың ішкі жолдарының жалпы ұзындығы 2135 шақырымды құрайды. Жалпы саны 1964 көше бар.
Иә, қалада жаңа пайдалануға берілген 5 жұлдызды санаттағы «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйін де айтпай кетуге болмас. Заманауи сәулеттік келбетке ие бұл нысанның жалпы ауданы 34 мың шаршы метрді құрайды. 12 қабатты қонақүйде 176 жайлы нөмірлер, соның ішінде көлемі 450 шаршы метрлік Қазақстандағы ең үлкен президенттік нөмір бар.       

P.S. Батыс пен Шығыстың озық мәдениеті, мыңжылдықтардағы көне заман рухы бүгінгі мегаполис тынысымен үйлесімді өрілетін қалаға, қайта оралғың келетін қалаға ҚОШ КЕЛДІҢІЗ!

 

 

 


ИНФОРМСЕРВИСТЕР

Танымал мемлекеттік қызметтер

Бейне

Анықтама

Бейне бақылау

- Мекенжай анықтамасы

- Зейнетақының аударымы туралы анықтама

- ЖЖЕ айыппұлдарын төлеу


ФОТОГАЛЕРЕЯ

ҚАЛА КӨРСЕТКІШТЕРІ

ЖЕТІСТІКТЕР

БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЛАСЫ

ЖОЛДАУ

ӘКІМДІК ЖИНАЛЫСТАРЫ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

Нөлдік төзімділік

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК КЕСТЕСІ

WHATSAPP

Таза қала

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР