Госзакупки

Мемлекеттік сатып алулар жоспары

 

 

Бірыңғай ұйымдастырушы өткізетін орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу

 

 «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V Заңы (бұдан әрі – Заң) тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметін орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді (бұдан әрі – ТЖҚ) сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады.

 

Осы мақаладан мемлекеттік сатып алу субъектілері ЖТҚ сатып алумен байланысты бірыңғай ұйымдастырушы өткізетін және орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуға қатысқан кезде ескеруі тиіс белгілі ерекшеліктерді қарастырамыз.

 

Заңның 2-бабының 16) тармақшасы:«Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдігі немесе аудан, қала, қаладағы аудан әкімдігі айқындаған, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыратын заңды тұлға».

 

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу комитетін құру туралы және «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 24 сәуiрдегi № 387 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 сәуірдегі № 300 Қаулысымен ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу комитеті құрылды, ол осы Қаулының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы болып белгіленді.

 

ҚР Қаржы министрлігінің 2016 жылғы 1 маусымдағы№ 276 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті туралы қағидалары бекітілді.

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті (бұдан әрі – Комитет) орталық атқарушы органның құзыреті шегінде уәкілетті орган айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) ТЖҚ бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу саласындағы іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ҚР Қаржы министрлігінің ведомствосы болып табылады.

 

Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі

 

Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі Заңның 8-бабымен реттеледі:

 

1. Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар жүзеге асырады.

 

2. Уәкілетті орган мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын ТЖҚ тізбелерін айқындайды.

 

3. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды:

 

1) уәкілетті орган айқындайтын ТЖҚ тізбесі бойынша, тапсырыс берушімен бірлесіп конкурстық комиссиялар (аукциондық комиссиялар) құру арқылы;

 

2) уәкілетті орган айқындайтын ТЖҚ тізбесі бойынша, біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орнына қарамастан, бір лотқа біріктіру арқылы;

 

3) тапсырыс берушілердің уәкілетті орган айқындайтын ТЖҚ тізбелеріне енгізілмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған өтінімдері бойынша, тапсырыс берушімен бірлесіп конкурстық комиссиялар (аукциондық комиссиялар) құру арқылы жүзеге асырады. Осы тармақша мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы осындай мемлекеттік сатып алуды өткізуге келіскен жағдайда қолданылады. Заңның 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Заңның 8-бабының 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда конкурстық комиссияның төрағасы болып тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі не тапсырыс берушінің бірінші басшысы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен конкурстық комиссияның төрағасы болып айқындалады.

 

Заңның 8-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысының бірінші басшысы не оның орынбасары болып конкурстық комиссияның төрағасы айқындалады.

 

4. Заңның 8-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы орталық атқарушы органдардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырған және өткізген жағдайда, орталық атқарушы органның бірінші басшысы конкурстық/аукциондық комиссияның төрағасын айқындайды.

 

5. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

 

Мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы жүзеге асыратын ТЖҚ тізбесі ҚР Қаржы министрлігінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 1127 бұйрығымен (бұдан әрі – 1127 бұйрық) бекітілген.

 

«Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелерін анықтау туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1127 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 28 ақпандағы №157 бұйрығы күшіне енді.

 

Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы 1127 бұйрыққа сәйкес бюджет мәнін:

 

  • 1127 бұйрықтың 1-қосымшасына сай республикалық маңызы бар ТЖҚ бекітілген тізбесі;
  • 1127 бұйрықтың 2-қосымшасына сай облыстық, республикалық маңызы бар қала және астаналардың ТЖҚ бекітілген тізбесі;
  • 1127 бұйрықтың 3-қосымшасына сай аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың ТЖҚ бекітілген тізбесі;
  • 1127 бұйрықтың 4-қосымшасына сай облыстың ауданы, облыстық маңызы бар қаланың, облыстық маңызы бар қаладағы ауданныңТЖҚ бекітілген тізбесі бойынша бөлу арқылы жүзеге асырады.

 

Мақалада тізбені толық келтірудің қажеттілігі жоқ, бірақ сөз мысалы:

 

  • автомобильдік көлік құралдары, механикалық көлік құралдары;
  • вертолеттер;
  • жұмыс станциялары, жеке компьютерлер, моноблоктар, мониторлар, экрандар, процессорлар, ноутбуктар, көп функционалды құрылғылар, принтерлер, сканерлер (конкурс/аукцион өткізуге бөлінген сома тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) 20000 еселік мөлшерінен асып кеткен кезде); ағымдағы күнге белгіленген шек50 500 000 теңгені құрайды;

 

жиһаз (конкурс/аукцион өткізуге бөлінген сома АЕК-тің1000 еселік мөлшерінен асып кеткен кезде; 2019 жылғы 1 мамырға дейін қолданылатын редакция) сияқты республикалық маңыздағы ірі сатып алу туралы болып жатқанын айта кетуге болады.

 

2019 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген түзетулер:

 

бюджеттік бағдарламалдардың әкімшілері орталық атқарушы және өзге орталық мемлекеттік органдар болып әрекет ететін жиһаз (конкурс/аукцион өткізуге бөлінген сома АЕК-тің 5000 еселік мөлшерінен асып кеткенде).

 

ТЖҚ-ны біртекті түрдегі лоттарға бөлу

 

Тапсырыс берушілер жылдық жоспарды жасаған кезде:

  • өзара байланысты жұмыстардың, қызметтердің кешенін көздейтін жұмыстарды, қызметтерді;
  • уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша ТЖҚ сатып алатын жағдайларды қоспағанда, ТЖҚ-ны олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша бөлуге міндетті.

 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 1 наурыздағы № 159 бұйрығымен біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлу талап етілмейтін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бекітілді.

 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 1 наурыздағы № 159 бұйрығы

 

Бұл тізімге енді оларды біртекті түрлері және оларды беру орындары бойынша бөлуді талап етпейтін шаруашылық заттары, кеңсе тауарлары және көптеген басқа заттар сияқты тауарлар кірді.

 

Тапсырыс берушінің өтінімі бойынша орталықтандырылған сатып алу

 

Тапсырыс берушілер бірыңғай ұйымдастырушы арқылы өткізуді болжайтын ТЖҚ тізбесін өздері анықтай алады.

 

Бұл ретте тапсырыс беруші бірыңғай ұйымдастырушымен мемлекеттік сатып алуды өзінің тікелей қатысуы арқылы өткізу мүмкіндігін келіседі, кейінгісі келіскеннен кейін ғана конкурстық/аукциондық комиссия бекітіліп, мемлекеттік сатып алу өткізіледі.

 

Мемлекеттік сатып алу субъектілері Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) айқындалып, реттелетін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібіндегі белгілі ерекшеліктерді ескеруі тиіс.

 

Мемлекеттік сатып алу процессіне мыналар кіреді:

1) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жос-парын) әзірлеу және бекіту;

2) өнім берушіні анықтау және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу;

3) мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау.

 

Бұл процесс – мемлекеттік сатып алуға қатысатын барлық субъектілер үшін стандарттық, алайда, бұл мақалада мемлекеттік сатып алуды жүргізудің стандарттық процесі мен орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының өткізу процесінің арасындағы айырмашылықтарға ден қоямыз.

 

Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды Заңның 5-бабын және Қағидалардың 5–19 тармақтарын негізге ала отырып жүзеге асырады.

 

Тапсырыс берушілер сатып алудың жылдық жоспары (сатып алудың алдын ала жоспары) бекітілгеннен кейін немесе сатып алудың жылдық жоспарына өзгерістер енгізілгеннен кейін бекітілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде бірыңғай ұйымдастырушыға ТЖҚ-ны жоспарланған мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты жібереді.

 

Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысын анықтау тәртібі Заңның 8-бабында белгіленген. Жоғарыда біз тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы арқылы өткізуге міндетті болатын немесе бірыңғай оператормен келісіп, кейінгісі арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға құқығы бар (Заңның 8-бабының 3-тармағының 1)–3) тармақшалары) талапты қарастырдық.

 

Бірыңғай ұйымдастырушы өткізетін мемлекеттік сатып алудың ерекшеліктері

 

Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының өткізуінің негізгі ерекшеліктерін қарастырып көрейік, ол келесі тәсілдермен жүргізіледі:

  • конкурс (ашық конкурс, алдын ала біліктілікті іріктеумен жүргізілетін конкурс, екі кезеңдік рәсімдерді қолданумен жүргізілетін конкурс);
  • аукцион.
  •  

Бірыңғай ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды конкурс және аукцион тәсілімен жүзеге асыратын кезеңдеріндегі негізгі сәттерді ғана қарастырамыз:

– тапсырыс берушілер веб-портал арқылы конкурс/аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау үшін мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарының (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарының) тармақтарын бірыңғай ұйымдастырушыға жібереді;

– тапсырыс берушілер конкурс/аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу үшін бірыңғай ұйымдастырушыға конкурс/аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге тапсырма береді;

– тапсырма бірыңғай ұйымдастырушыға қазақ және орыс тілдерінде жіберіледі.Тапсырмамен бірге техникалық ерекшелікті және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын жібереді. Жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырған кезде, техникалық ерекшеліктің орнына ұсынылатын конкурстық/аукциондық құжаттама Қазақстан Республикасының заңнамасына («Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 ж. 16 шілдедегі № 242-II) сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттаманы қамтуы тиіс.

 

Бұл құжаттарды тапсырыс берушінің бірінші басшысы немесе оның міндеттерін атқаратын тұлға, не жауапты хатшы не жауапты хатшының уәкілеттігін атқаратын басқа лауазымды тұлға бекітуі тиіс.

 

Бірыңғай ұйымдастырушының конкурстық/аукциондық комиссия құрамын анықтауы және бекітуі

 

Тапсырыс беруші жіберілетін құжаттармен (тапсырма, техникалық құжаттама және шарттың жобасы) бірге конкурстық/аукциондық комиссияның құрамына енгізу үшін тапсырыс берушінің, сондай-ақ сараптамалық комиссияның немесе ол құрылған (тартылған) жағдайда сараптаманың өкілдерінің ішінен үміткерлері көрсетілген ақпаратты жібереді.

 

Демек, бірыңғай ұйымдастырушы әрбір конкурсқа/аукционға жеке конкурстық/аукциондық комиссияның толық құрамын анықтау және бекіту құқығын өзіне қалдырады.

 

Бұл кезде бірыңғай ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда конкурстық/аукциондық комиссияны құру және конкурстық/аукциондық комиссияның хатшысын анықтау туралы шешімді бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы немесе бірінші басшының міндеттерін атқаратын тұлға қабылдайтынын ескеру қажет. Бірыңғай ұйымдастырушы құратын конкурстық/аукциондық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ саннан, кемінде 5 адамнан құралады.

 

Конкурстық/аукциондық комиссияның төрағасы келесідей жіктеу арқылы анықталады:

  • мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға бөлінген сома 800 000 АЕК аспайтын болса, тапсырыс берушінің бірінші басшысы конкурстық комиссия төрағасы болып тағайындалады;
  • конкурс/аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға бөлінген сома 800 000 АЕК асатын болса, тиісті әкімшілік-аймақтық бірліктің әкімі конкурстық/аукциондық комиссияның төрағасы болып тағайындалады;
  • конкурс/аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға бөлінген сома 1 600 000 АЕК асатын болса республикалық маңызы бар қалалар мен астаналардың әкімдері конкурстық/аукциондық комиссияның төрағасы болып тағайындалады.

 

Конкурстық/аукциондық комиссияның хатшысы болып бірыңғай ұйымдастырушының лауазымды тұлғаларының ішінен жауапты тұлға болып белгіленеді.

 

Қағидалардың 28-2-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда сараптау комиссиясын құру туралы шешімді тапсырыс берушінің бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы тұлға не жауапты хатшы не жауапты хатшының өкілеттіктерін жүзеге асыратын өзге лауазымды адам қабылдайды.

 

Қағидалардың 28-2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда сараптау комиссиясын құру туралы шешімді бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы тұлға қабылдайды.

 

Конкурстық/аукциондық құжаттаманың ережелерін бекіту және түсіндіру

 

Конкурстық/аукциондық құжаттаманы:

  • оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқығы бар бірыңғай ұйымдастырушы әзірлейді;
  • өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде міндетті тәртіппен тапсырыс берушімен келісіледі;
  • бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы немесе оның міндеттерін атқаратын тұлға бекітеді.

 

Бірыңғай ұйымдастырушы:

– тапсырыс берушіден алынған ақпараттың негізінде веб-порталға мемлекеттік сатып алудың өткізілетіні туралы хабарландыруды орналастырады (Қағидалардың 5-параграфы – конкурс/аукцион өткізілетіні туралы хабарландыру);

– мемлекеттік сатып алуды өткізген кезде әлеуетті өнім берушілерден конкурстық/аукциондық құжаттамаға, шарттың жобасына немесе техникалық ерекшеліктерге сұратулар мен ескертулер алынған жағдайда, оларды тапсырыс берушіге жібереді;

– конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау мерзімі өткен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде конкурстық/аукциондық құжаттамаға ескертулер болған кезде мынадай шешім қабылдайды:

  • конкурстық/аукциондық құжаттаманың жобасына өзгертулер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
  • конкурстық/аукциондық құжаттаманың жобасына қойылған ескертулерді, оларды кері қайтару негіздемелері мен себептерін көрсетіп, кері қайтарады;
  • конкурстық/аукциондық құжаттаманың ережелеріне түсініктеме береді.

 

Техникалық ерекшеліктің және шарттың жобасының ережелеріне түсіндірмені:

  • мемлекеттік сатып алу қағидалардың 28-2 тармағының 1) және 3)тармақшаларында көзделген жағдайларда жүргізілгенде – тапсырыс беруші;
  • мемлекеттік сатып алу қағидалардың 28-2 тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда жүргізілгенде – бірыңғай организатор беретінін есте сақтау қажет.
  •  

 

Бірыңғай ұйымдастырушы веб-порталда Қағидалардың қосымшаларына сай белгіленген нысан бойынша конкурстық/аукциондық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасын жасайды.

 

Бірыңғай ұйымдастырушылар өткізетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер кепілдік берілген ақшалай жарна арқылы 1 % мөлшерінде өтінімге қамтамасыз етуді енгізген кезде конкурстық құжаттамада көрсетілген банктік деректемелерге аса назар аударуы тиіс, себебі онда біріңғай ұйымдастырушының деректемелері немесе мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік мекемелер болып табылатын ұйымдар үшін ҚР заңнамасымен бюджеттік деп көзделген шот көрсетілуі мүмкін.

 

Бірыңғай ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілердің конкурстық/аукциондық өтінімдеріне бағалау жүргізіп, әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсат береді және жеңімпазды анықтайды.

 

Сондай-ақ бірыңғай ұйымдастырушы Қағидаларда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың негізінде тапсырыс беруші мен жеңімпаздың мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу кезеңіндегі орындауларға бақылау жүргізеді.

 

Қалған жағдайларда мемлекеттік сатып алу субъектілері мемлекеттік сатып алудың Қағидаларға және Заңға сәйкес рәсімдерін және өткізу кезеңдерін, жүзеге асырылуын басшылыққа алады.

 

Шымкент қаласы бойынша

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің

бас маман мемлекеттік аудиторы Н.Исмаилов


ИНФОРМСЕРВИСТЕР

Shymkent adaldyq alany

Бейне

Анықтама

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖЕТІСТІКТЕР

БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЛАСЫ

БИЗНЕС

ЖОЛДАУ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

СТАНДАРТТАУ

АШЫҚ ҮКІМЕТ

Нөлдік төзімділік

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК КЕСТЕСІ

WHATSAPP

Таза қала

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР