ШЫМКЕНТТЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫМЕН БІРЛЕСКЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен  жергілікті және Түркістан облысы Жетісай қаласы мен Түлкібас ауданының тауарөндірушілерінің қатысуымен бірлескен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 60-тан  астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, жалпы құны 86 млн. теңгені  құрайтын 120 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері қала тұрғындарына ұсынылды.  «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өнімдер нарықтағы бағадан  10-15 пайызға дейін арзан саудаланды.
Жәрмеңкедегі ауыл шаруашылық өнімдерімен арнайы келіп танысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермейтін мұндай жәрмеңкелерді  тұрақты ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Шымкент пен Түркістан облысының әкімшілік аумағы бөлінгенмен халқы бөлінбегенін айтқан қала басшысы алдағы уақытта осы сынды бірлескен іс-шаралар жиі өткізіліп тұратынын атап өтті.
Түркістан облысының екі ауданы шымкенттіктерге ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қарбыз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын және қолөнер бұйымдарын ұсынды.
Сонымен қатар, жемеңкеге келген тұрғындар Шымкент қаласының мәдениет басқармасы Түлкібас ауданы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Аталған жәрмеңкені ұйымдастырудың негізгі мақсаты –халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Ал, ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңкелердің жергілікті шаруаларға өз тауарларын делдалсыз сатуға мүмкіндік беретіндігін айтады.
 
 
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі