Шымкентте Нұрсұлтан есімді 100 бала "Нұрсұлтан ата" әнін орындады


      Оңтүстік Қазақстан облысы жұртшылығының Астана күнін тойлауды бастап кеткеніне бірнеше күн болды. Елорданың кәмелеттік жасқа толатын айтулы күніне орай түрлі әлеуметтік нысандар ашылып, ел қуанышқа кенелуде.
      Облыс орталығы Шымкентте «Жан жүрегім - Астана!» салтанатты іс-шарасы өтті. Оған облыс әкімі Б. Атамқұлов арнайы қатысып, халықты бас қала - Астана күнімен құттықтады.
      «Осы ширек ғасыр ішінде еліміздің 18 жылдық тарихы – Астана атауымен тікелей байланысты. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру -елімізді барынша нығайту және қарышты дамыту жөніндегі саяси стратегиясының жемісі. Президент пен қазақстандықтардың ерік-жігерінің арқасында әлемдегі таңдаулы астаналармен сәулет жағынан бой теңестіре алатын осы заманғы озық мегаполис қалыптасып келеді», - деді аймақ басшысы өз құттықтауында.
      Мерекелік шара барысында түрлі концерттік қойылымдар қойылып, жиналған жұртшылық шат думанға кенелді. Сонымен қатар «Астанаға арнау» поэтикалық композициясы оқылып, сахнаға Нұрсұлтан есімді 100 бала шығып, «Нұрсұлтан ата» әнін орындады.
      Ән мәтінінде "Нұрсұлтан ата, ұзақ жыл жаса, шаршамай талмай, жасай бер алға" деген тілектер айтылды.