Қала әкімі алты айда атқарған жұмыстар бойынша есеп берді

   


      Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс алтыншы сессиясында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов алты айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Нұрғазы Бұхарбаев төрағалық еткен сессия жиынына облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, қалалық мәслихат депутаттары мен құрылымдық бөлім басшылары қатысты.

      Шаһар басшысының айтуынша, қаланың даму концепциясына байланысты жоспарланған іс-шараларды іске асыру үшін қаланың 2016 жылғы бюджетіне жаңадан 68 жоба енгізілген.

      – Осы жылдан бастап әкімдіктің жұмыс жоспарына қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу, тұрғындардың қауіпсіздігі, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру және қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция мен туристердің санын арттыру міндеттері қойылып отыр, – деді қала әкімі.

      Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 нысанның құрылысына 7,4 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда барлық нысанның мердігерлері анықталды. Оның 3,1 млрд теңгесі игерілді. Осы уақыт аралықта шаһарда 9 ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, биыл оның 7-уі пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 98 мың халық ауыз сумен қамтылады.  

      Қалада транспорт саласын жақсарту бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 1 жаяу жүргіншілер өткелі, 9 магистральді көшені қайта құру, 5 елдімекеннің көшелерін қайта құру, 1 жол өткелін қайта құру, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 аяқжол салу, 20 бағдаршам орнату жұмыстары жүргізілуде.

      Қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету – ең өзекті мәселе. Осыған орай, осы жылдың 6 айында іске қосылған тұрғын үй көлемі 165,3 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өскен.

      Қала әкімі бірінші кезекте жұмыссыздық пен жер мәселесін шешуге назар аударды. Сессия соңында мәслихат депуттары қала әкімінің алты айлық есебін оң бағалады.