Таксилердің арнайы тұрағы қаладағы қауіпті қиылыстың бірін тазартуда септігін тигізді

      Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов "Көмеш бұлақ" базары маңына барып, осындағы такси тұрағын ұйымдастыру жұмысын тексердi. Айта кетерлігі, қала әкімінің тапсырмасымен Республика даңғылы мен Ә.Молдағұлова көшесінің қиылысында "13 аймақ" таксопаркінің күшімен көлік тұрағы салынған болатын. Онда қаладан Өзбекстан бағытына және Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтарал, Шардара аудандарына сапар шегетін жеңіл көліктер үшін арнайы орын ашылған.

 

 

      Қазір бес көлік сыятын бұл тұраққа таксилер кезегімен келіп, жолаушыларды жинайды. Осының нәтижесінде жерасты өткелі алдындағы көлік тығынының мәселесі шешілді. Енді Қазығұрт бағыты да, Громов көшесінің бағыты да біршама ашылып қалған. Ал жолаушы тасымалдаушылар бұл тәртіп ең алдымен өздері үшін де тиімді деп отыр.