Шымкент қаласының әкімі: Абай ауданында 4 бағытта жұмыс атқарылуы тиіс

Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың 2017 жылы атқарған жұмыс туралы есебі қаладағы №87 мектепте жалғасты. Есепті жиынға шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев, қалалық құрылымдық бөлімнің басшылары, депутаттар мен құқық қорғау органдары өкілдері қатысты. Аудан әкімнің есебін тыңдауға Солтүстік-Батыс, Қызылжар, Самал-3, Жаңа талап, Қатынкөпір, Тельман елдімекендерінің тұрғындары келді.


 

 

Ахмет Татыбаев алдымен 2017 жылы ауданның экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру барысында атқарылған жұмыстарына тоқталды. Жол, жарық, ауыз су, қаланың тазалығы, көгалдандыру мен абаттандыруы саласындағы нақты шараларды баяндады.

 

Баяндамадан кейін тұрғындар жарыссөзге шықты. Қатынкөпір шағынауданының тұрғыны Құдияр Салыбек Әл-Фараби көшесіне асфальт төселгенін және Самал базары маңындағы жерасты өткелінің ел игілігі үшін пайдалануға берілгенін айтып, алғысын білдірді.

 

   

 

Бұдан кейін сөз алған тұрғын Исмаил Бекәлі Солтүстік-Батыс шағынауданына мектеп мен медициналық тірек қажет екенін айтты. Тұрғындар бұған қоса жергілікті полиция қызметі туралы талап-тілектерін жеткізді.

 

– Абай ауданы әкімдігіне бір жыл ішінде 105 шағым келіп түсіпті. «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына 2000-нан аса арыз-шағым түскен. Халық билікке көбірек сенім артуы үшін аудандық әкімдік тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет, – деді кездесуде сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Ө.Мелдеханов.

 

Есепті жиынды Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қорытындылады. Шаһар басшысы Абай ауданы аумағындағы жұмыс негізгі 4 бағытта атқарылуы тиіс деп тапсырма берді. Олар - тұрғын үй-коммуналды шаруашылық пен қоғамдық көлік саласы, білім нысандарын салу мен жергілікті полицияның жұмысын жандандыру.