Қала әкімі Шымкент тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады

Молшылық пен ізгілік болсын!
 

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
 

Ғасырлар қойнауынан жеткен Ұлыстың ұлы күні, жылдың басы Наурыз табиғаттың ғана емес, адамзат рухының да жаңаруының белгісі. Бұл мейрам баршамызды бірлік пен татулыққа шақырып, ортақ іске жұмылдырады.

 

Біздің қоғамдағы рухани жаңғыру Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына таяуда жасаған Жолдауында, «Бес әлеуметтік бастамасында» қойылған тапсырмаларында әр қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға баса назар аударылған. Президенттің әлеуметтік бастамалары – сенімді болашақтың негізі ғана емес, алда атқарылар жұмыстардың жаңа белесі.


Бүгінгі таңда Шымкентте тұрғын үй құрылысы мен қала тұрғындарын әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандармен қамтамасыз ету мәселелері сәтті жүзеге асырылуда, облыс орталығына қосылған елдімекендердегі тұрмыстық жағдай жақсарып келеді. Саяси тұрақтылық жағдайында ел экономикасын одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар, қала тұрғындары шаһардың көркеюіне өз үлестерін қосуда.


Біздің жерлестеріміз ежелден қонақжайлылығымен, ізгілігімен және ақ ниеттерімен белгілі. Бұл қасиеттер, әсіресе, Наурыз мерекесінде, адамзаттың ізгілігі мейрамында айқын көрінеді. Ата-бабамыз көктемгі күн теңесу сәтінде өткен жылды қорытындылап, болашаққа жоспар құрған, берекелі істерін бастаған.


Облыс әкімінің бастамасымен біздің өңірімізде Наурыз мейрамын жаңаша атап өту ізгі дәстүрге айналып келеді. Осылайша ұлттық қазынамыз бен тарихи құндылықтарымыз, халқымыздың салт-дәстүрі дәріптелуде. Биыл да Ұлыстың ұлы күні тазалық шараларын басталып, ауқымды аталып өтеді.


Қадірлі шымкенттіктер!


Жалпыға ортақ мерекеміздің жарқын дәстүрін сақтай отырып, ата-баба даналығын жалғастырайық. Бір-бірімізге өкпеміз болса кешіріп, бақыт, бейбітшілік пен молшылық тілейік!
 

Ұлыстың ұлы күні баршамызға бақ-береке әкелсін! Әр шаңырақ шаттыққа бөленсін. Ортақ Отанымыз – Қазақстан жасай берсін! Әз Наурыз құтты болсын!
 

Нұрлан САУРАНБАЕВ,
Шымкент қаласының әкімі