Шымкентте Наурыз мерекесін тойлау басталды

Шымкент қаласының тұрғындары Әз-Наурыз мерекесін атап өтуді бастады. Мерекелік іс-шаралардың бастамасы "Қошқар ата сейілі" фестивалімен басталды. Биылғы фестиваль жылдағыдан ерекше өтті. Мерекелік іс-шара облыс әкімі Ж.Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаев, қалалық мәслихаттың депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.

 

 

  

 

 

Биыл фестивальге қатысушылар Оңтүстіктің барлық аудандарынан қойлардың ең жақсы тұқымдарын іріктеп алып келген. Жергілікті палуандар қошқарларды мойындарымен көтеріп, отырып-тұрудан жарысты. Саңлақтар бұған қоса ұлттық спорт түрлерінен де сайысты, көпшілік серуендер ұйымдастырылды.

 

 

  

 

 

Фестивальде қонақтарға арнап мол дастархан жайылды. Мерекелік ас мәзірін дайындауда Оңтүстіктің этно-мәдени орталықтарының барлығы дерлік түгел атсалысты. Дастарханда бауырсақ, тәтті бәліштер, талқан және көктем мерекесінің басты мәзірі - Наурыз-көже болды.

 

Тарихшылардың дерегінше, шамамен 100 жыл бұрын жергілікті халық "Қошқар ата сейілі" деген атаумен көне көктем мерекесін тойлаған. Көктем мерекесі түрлі асыл тұқымды жануарлардың көрсетілімі, ұлттық ойындар мен ұлттық дәстүрлермен басталған. Тарихи мәліметтер бойынша дәл осы маңда бірнеше ғасыр бұрын қазіргі Шымкент қаласы пайда болған.